Облысқа — 90 жыл

Еңбекпен өркендеген өңір

  • Облысқа — 90 жыл

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «1945-1991 жылдардағы Ақтөбе өлкесінің тарихы» тақырыптық-экспозициялық залында облыстан шыққан Социалистік Еңбек Ерлерінің тізімі тұр.
Бұл тізімдегі әр адамның аты-жөніне құрметпен қараймыз. Олар — 1916-ның дүрбелеңі, жаңа өкіметтің орнауы, Азамат соғысы, даланың байырғы тұрғындарын түгелдей жалмап кете жаздаған 20-30-жылдардағы аштық, Голощекиннің «Кіші октябрі», сталиндік қуғын-сүргін, 1941-1944 жылдардағы соғыстың азабы сынды біріне-бірі үздіксіз жалғасқан нәубеттерден кейін, елдің еңсесін еңбекпен көтерген қажырлы, қадірлі буынның өкілдері. Шағынуды, қажуды, өздерін аяуды білмей, бар берекені еңбектен ғана іздеген сол буынның маңдай терімен жасалған игіліктің жемісін олардың өздері ғана емес, кейінгі ұрпағы — біз де татып келеміз.

Соғыстан кейінгі жылдар еді…

КСРО-да Социалистік Еңбек Ері атағы еңбектегі жетістігі үшін берілетін ең жоғары марапат еді. Бұл атақты беру туралы ереже 1938 жылы 27 желтоқсанда бекітілген. 1939-1991 жылдар аралығында Социалистік Еңбек Ері атағы 20 747 рет берілген. 201 адам бұл атақты — екі рет, 15 адам үш рет алған.
Социалистік Еңбек Ері атағын алып тұрып, түрлі себептермен одан айырылғандар да бар. КСРО бойынша ондай адамдардың саны — 89.
Өз заманында иесіне зор абырой әкелген бұл атақ, әсіресе, ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне көп беріліпті. Одақ бойынша барлық осы атақты иемденген жандардың 60 пайызы немесе 12 441 адам — аталмыш саланың еңбеккерлері. Ауыл шаруашылығынан кейінгі екінші орында өнеркәсіп саласының еңбеккерлері тұр, бұл саладан марапатталғандардың жалпы саны — 4 856. Ал қорғаныс, ішкі істер, қауіпсіздік саласында қызмет ете жүріп, бұл атаққа қол жеткізгендер саны саусақпен санарлық. Ғылым-білім саласы бойынша да бұл атақ 800-ден астам ғана адамға бұйырған.
Қазақ КСР-інен 1 803 адам Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған екен. Олардың ішінде Ақтөбе облысының үздік еңбеккерлеріне мұндай жоғары марапат ең алғаш 1948 жылы бұйырыпты. Және бірден 50 шақты адамға бір-ақ берілген. Келесі жылы біздің облыста тағы да 20-ға жуық адам осы жоғары атақпен марапатталған. Жалпы, бұл екі жыл — ақтөбеліктерге Социалистік Еңбек Ері атағы жауған уақыт болды.
Бұл — соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдары еді. Сондықтан халықты осыған ынталандыру, жігерлендіру керек болды. Қазақстанда халық шаруашылығының ең жетекші салаларының бірі — ауыл шаруашылығы екені белгілі. Жалпы өңірімізден 105 адам Социалистік Еңбек Ері атағын алған болса, солардың басым бөлігі — ауыл шаруашылығы саласының еңбеккерлері, яғни малшылар, диқандар, шаруашылық басшылары. Осы 105 адамның барлығының да аты-жөндері музейіміздің төрінде арнайы жазулы тұр. Олардан бөлек, Социалистік Еңбек Ері атағы тағайындалғанға дейін де еңбектегі жетістігімен даңқы алысқа жайылған жерлестеріміз бар. Мысалы, Шығанақ Берсиев тары дақылынан өнім алудан әлемдік рекорд жасады. Ол Ленин орденімен марапатталған. Музейдің тақырыптық-экспозициялық залында олар туралы маңызды деректер де бар, — дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Айбек Ертеміров.
Өлке тарихының бір-бір бөлшегіне айналған осындай тұлғалардың үлгі-өнегесі арқылы өскелең ұрпақтың санасында еңбекке, еңбек адамына деген құрмет сезімі оянбақ. Айбек Ертеміровтің айтуынша, музей қорында Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған жерлестерімізге тиесілі бірқатар жәдігерлер сақтаулы: Балым Бірімованың облыстық партия жиынына қатысқан құжаттары, Құрмет грамотасы, медальдары; Бекіш Ғалымовтың марапаттары; Гавриил Федорченконың марапаттары, төсбелгісі, депутаттық билеті; Өтен Қалыбаевтың медальдары мен куәліктері; Нұрахмет Қаржаубаевтың ішік-тоны; Нұртұяқ Жаманшиннің құжаттары, марапаттары, т.б.
Айтып өткеніміздей, соғыстан кейінгі жылдарда марапатталғандың дені — жылқышылар мен шопандар. Мысалы, Комсомол (қазіргі Әйтеке би) ауданында 1960 жылға дейін шопан болған Бозша Алтаев 1945-1947 жылдарда әр 100 саулықтан 119-127 қозыдан алып, алынған төлді аман сақтап, мал басын көбейткен. Оған 1949 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы берілген. Одан бөлек бірнеше ордендермен марапатталған, 1956 жылы «Қазақ КСР-інің еңбегі сіңген мал шаруашылығы шебері» атағы да беріліпті. 1930 жылы Ақтөбе жеріне, нақты айтқанда Мәртөк ауданына Украинадан келген Николай Горобец те «Социализм» колхозында қой бағып, 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған. Ол да әр 100 саулықтан 127 қозы алып, одан бөлек жүн тапсырудан да жоғары көрсеткішке қол жеткізген. Ал ырғыздық Әбдібек Мәмбетовтің көрсеткіші тіпті таңғаларлық: 1948 жылы ол әр 100 саулықтан 148 қозыдан алған. Бұл кісі Ұлы Отан соғысына да қатысқан. Мал шаруашылығы саласында 60-жылдардың соңына дейін еңбек етіпті. 1968 жылы «Құрмет белгісі» орденімен де марапатталған екен.
Жылқышылар арасында жоғары награда ырғыздық Алмат Рысбаев, Пішен Төрекелдин, Әлшібек Шахиндер, қобдалық Әжіғали Үрімбаев, байғаниндік Әділ Әкімов, ойылдық Үмбет Дүсіпов, мұғалжарлық Қажып Балдосов және басқалар ие болды.
Ал 1948-1949 жылдардан кейінгі кезеңде облыстан 30-дан астам адамға ғана Социалистік Еңбек Ері атағы берілді. Яғни кейіннен бұл атақты беру үшін, адамның белгілі бір мерзім ішіндегі жоғары көрсеткіштері ғана емес, бүкіл елге үлгі етерліктей жетістіктері, ерекше қасиеттері, елең еткізерлік жаңалықтары ескерілетін болды. Мысалы, ойылдық атақты шопан Бекіш Ғалымов 1979 жылы әр 100 саулықтан 163 қозы алды. Бұл — ғылымның болжамынан да жоғары көрсеткіш еді. Мұның өзі отар ішіндегі егіз немесе тіпті үш-төрттен туатын саулықтардың тоқтыларын іріктеп алып қала отырып, ұзақ жылдар бойы мақсатты түрде жүргізілген селекциялық жұмыстың нәтижесі болатын.
Өңірдің бірінші басшылары арасынан 1972-1985 жылдардағы облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Василий Ливенцов Социалистік Еңбек Ері атағын иеленген. 1980 жылы облыс диқандары 1664 мың тонна, яғни 100 миллион пұт астық жинады. Бұл — рекордтық көрсеткіш еді. Облыс басшысы осы рекордтық жетістік үшін марапатталды.

Қарапайым еңбеккерге құрмет
Соғыстан кейінгі жылдардан бастап, тоқыраудың ең шырқау шегіне жеткен 80-жылдардың басына дейінгі аралықта еңбек адамына деген құрметтің ерекше болғанын облыстық баспасөзден де көреміз.
Шалғайда еңбек етіп жатқан малшы, диқан, механизаторларды белгілі артистер мен жергілікті көркемөнерпаздар аралап, өнер көрсететін. Сауда саласының қызметкерлеріне ең қат дүниелерді алдымен ауыл еңбеккерлеріне апару тапсырылатын. Оларға көмек қажет, қауырт науқанның кезінде жәрдем етуге жастар, оқушылар жіберілетін. Тұрмыстық қызмет көрсету саласының еңбеккерлері де өз қызметтерін ұсыну үшін, жайлауларды, дала қостарын жиі аралайтын.
Облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Ақтөбе») газетінің 1965 жылғы 20 тамыздағы санында жарияланған «Далалық қосқа мастерской келді» атты ақпаратта (авторы — И. Гончаров) осындай сәттің бір көрінісі қалыпты: «Кеш. Күнге күйіп шаршаған, қажыған еңбеккерлер далалық қосқа келіп, қауырт жұмыстан кейін тынығып жатыр. Егін орағының қызу кезі, бір сағатты да босқа өткізуге болмайды. Ертең тағы да қызу еңбек басталады.
Алыстан қызыл автомашина көрінді. Ол далалық қосқа қарай бұрылды. Бұл — Алға аудандық тұрмыс комбинатының еңбеккерлерге қызмет көрсететін жылжымалы мастерскойы. Мастерской Максим Горький атындағы совхоздың Темрей алқабында егін жинап жатқан механизаторларға қызмет көрсету үшін келген.
Келісімен автобустың есігі ашылып, механизаторлар келе бастады. Мастерскойда шаштараз, тұрмыстық құралдарды жөндейтін механик, радиоқабылдағыш жөндейтін шебер, киім тігушілер бар.
Киім пішуші Иссак Шайхет комбайнер Иван Михайлович Ярончукке костюм пішіп жатыр. Механизаторлар киім тігу үшін аудан орталығына немесе қалаға бармайды. Мастерской қабылдаған заказдарды кезінде орындап, әкеліп береді».
Алайда кеңестік замандағы еңбектің зор құндылық ретінде бағалануының, насихатталуының екінші жағы да болғанын айтуымыз керек: еңбек тек қоғамға, қоғамды гүлдендіруге бағытталуы тиіс еді, көп жағдайда жеке үй шаруашылығында мал басын көбейтуге, саудамен, жеке кәсіппен айналысуға шектеу қойылды. Сондай шектеулердің салдарынан дүкен сөрелері жартылай бос тұрып, жұрт іздегенін таппай әуре-сарсаңға түскенін аға буын әлі ұмытқан жоқ.

Әзірлеген И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button